Көркем гимнастикадан Қазақстан ұлттық құрама командасының бас бапкері Әлия Юсупова гимнастшы Алина Әділханованың көпсайыстағы жеңісіне қатысты Olympic.kz сайтына өз ойымен бөлісті.
"Өте салмақты әрі жауапты жарыс. Кешегіден қарағанда жауапкершілік жүгі өте ауыр болды. Тек қана кілемде емес, кілем сыртында бір ауыр жүк тұрды десек болады. Қарсыластар отырып сыртыңнан сенің реакцияңды бақылап отырады. Доптан кейін өздеріңіз көргендей, Алина екінші орында болды. Ол да, мен де қатты қобалжыдық. Дегенмен, оған ауыр дауыс көтеріп, көңіл күйін түсіргім келмеді. Себебі, қызымыздың әлі екі сайысы барын, оның өзі көп нәрсе шешетінін түсіндім. Сондықтан «не істеу керегін білесің, қолыңнан не келеді, соны істе. Сен жарысты бастадың, енді шегінерге жол жоқ» деп ақылымды айттым. Ол айтқанымды екі етпей, қолынан келгенін аянып қалмай, Құдайға шүкір, тапсырманы мүдірмей орындап шықты. Балалар үшін екі күн қатарынан осындай салмақты жарысқа жауапкершілікпен қатысу өте қиынға соғады. Десе де, бұл қиындықтарға қарамастан мен бүгін өзімді бақытты сезініп тұрмын. Бақыттымын. Себебі, оқушым дәл менің нәтижемді қайталап қуантты. Өте ризамын."
Фото: Данияр Майлыбаев, Қазақстан ҰОК баспасөз қызметі
Материалды қолданғанда дереккөзге сілтеме беруді сұраймыз